"Ақмола облысы білім басқармасының Есіл ауданы бойынша білім бөлімі Игілік ауылының Ы.Алтынсарин атындағы негізгі орта мектебі" КММ
КГУ" Основная средняя школа имени Ы.Алтынсарина села Иглик отдела образования по Есильскому району управления образования Акмолинской области" 

Біз әлеуметтік желідеміз

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Ата-ана мен мектеп түлегі

Ата-ана мен мектеп түлегі

Мамандық және пән таңдау

Біздің қоғамда бала үшін ата-ананың шешім қабылдау дәстүрі кең етек алған. Ата-анаға баланың қабілеті емес, кез келген жолмен ақшаны көп табуы, ел-жұртқа мақтана алатындай кәсіп иесінің қожайыны атануы маңыздырақ болғалы қай заман? Нәтижесінде, өз ісін сүйіп жасайтын, үлкен жетістікке жететін, сол саланың нағыз мамандарының қатары азаюда... Ата-ана, ұмытпаңыз! Мамандық таңдау: "қалаймын – жасай аламын – маған керек" деген формула бойынша таңдалу керек. Сонда ғана балаңыздың болашағын нық сеніммен құра аласыз. Сондай-ақ, баланың қабілеті, қызығушылығы, жоспарлары, армандары, мақсаттары, әлеуметтік сұраныс (жұмыс оңай табылатын, жақсы төленетін) ескерілуі қажет. Заңгер немесе қаржыгер болып, көптің бірі болып жүргенше, электрик, сантехник мамандығын жақсы меңгеріп, кез келген жерге жақсы төленетін жалақымен орналасқан артық емес пе? Пікір мен ұсыныс айтыңыз. Оған сіздің ата-ана ретінде қақыңыз бар. Бірақ 16 жасқа келген бала таңдауды өз еркімен жасауы керек.

Психологиялық дайындық

Тестке дайындық кезінде ата-ана алдына қойылатын басты тапсырма – бала үшін ыңғайлы жағдай тудыру. Және кедергі келтірмеу. Ынталандыру, мақтау, рухани және материалдық қолдау, ең бастысы салмақтылық баланың қобалжуын жеңуге септігін тигізе алады. Оны қорқытудан аулақ болыңыз, тест қиындығын, жауапкершілігін әрдайым еске сала беру қателік. Бұл мотивация бермейді, керісінше, эмоционалды тосқауыл тудырады. Жыл басында ғана ашық әңгіме құрып, ҰБТ-ның қандай маңыздылығы барын бір рет түсіндіріп қою жеткілікті.

Әрбір дайындық тестінен кейін баланың тауы шағылып оралады. Осындайда "пәленшенің қызы жарайды!", "түгеншенің баласын қарашы!" немесе "сенен бір нәтиже шықпай кетті ғой, қосымша курсқа неге оқыттық, дайындаласың ба, дайындалмайсың ба, кешке дейін не оқисың?!" сынды сөздеріңізді өзіңізде ұстауға тырысыңыз. Керісінше, "менің балам ең ақылды", "бұйырса, менің қызымның қолынан бәрі келеді" деген жылы сөздеріңізді арнап, сенімділік ұялатыңыз.

Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады емес пе? "Осыдан аз балл жинасаң, үйде қаласың, грантқа түспесең, ақылы оқумен оқытпаймыз" деген дөрекі сөздерді әрбір ата-ана айтады. Сізді де түсінуге болады. Бірақ бұл сөздерді күн сайын қайталау арқылы нәтиже шығарамын деу құр әурешілік.

Материалдық көмек

Балаңызға күнделікті дайындық кестесін жасауға көмектесіңіз. Қажетті оқулықтарын сатып алып беріңіз. Арнайы мамандармен кеңесіп, ҰБТ-ға дайындалу әдістемесімен танысып, сол бойынша әрекет жасаңыз. Балаңызға дайындыққа арналған арнайы бұрыш жасап беріңіз. Үй шаруасындағы жұмыстардан шектеп, сабақ үшін уақыт бөлуін қадағалаңыз. Өзі қиналатын сабақтар бойынша, қосымша курстарға жаздыртыңыз немесе мүмкіндігіңізге қарай, жеке репетитор жалдаңыз. Арты өкінішті болмасын десеңіз, қолдан келген барлық көмекті аямаңыз. Нәтиже – екеуіңізге де ортақ.

Тамақ және күн тәртібі

Толыққанды тамақ пен күн тәртібіне жауапты екеніңізді біліңіз. Балық, ірімшік, жаңғақ, кептірілген өрік, шоколад сынды азық-түліктердің ми жұмысына әсер ететінін естен шығармаңыз. Балаңыз қуатты болсын десеңіз, жеміс-жидектер мен шырындарды жиі сатып алып беріңіз. Балаңызға қатты ауыртпалық түспеуін қадағалаңыз, әрбір 40-50 минут сайын 10-15 минут үзіліс жасап тұруын еске салыңыз. ҰБТ уақыты таяғанда демалыс жариялаңыз.

Баланың ата-анаға деген қарым-қатынасы

Ата-анаңыздың тарапынан ренішті, дөрекі сөздерді естігенде көңіліңіздің суып, өзіңізді тастап жіберетін сәттер жиі қайталанып жүр ме? Сіз жалғыз емессіз. Себебі, барлық ата-ана бірдей. Әрбір ата-ана баласына жақсы болғанын, баласының жетістікке жеткенін тілейді. Тіпті, жер бетінде сіз үшін шын жүректен жақсылық тілейтін ең бірінші адам – ата-ана дер едік. Оны да түсінуге тырысыңыз, кейде анаңызға да эмоциясын ұстау қиындық тудырады. Іштегі уайымын, үрейін жасыра алмайтын кездері де болады. Сіз оған бір ғана әрекетпен көмектесе аласыз – оқыңыз, дайындалыңыз, шын талпыныңыз. Ол сізді тоғыз ай көтерді, толғатып дүниеге әкелді, көзіңізді ашқан сәттен бері әрбір қиындығыңызды бірге бөлісіп келеді. Сіз ұйқыда жатқанда "Менің балам...болады" деген армандар құрды. Өзіңізді дәлелдейтін, оны қуантатын сәт осы ҰБТ болмақ. Өзіңіз үшін болмаса да, сізді ең, ең жақсы көретін адам үшін үлкен нәтижеге қол жеткізуге тиіссіз!

 

Жаңартылған күні: 18.05.2020 22:27
Құрылған күні: 18.05.2020 22:27

Текст